«Салық амнистиясы» — кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік
«2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заңнамасының бұзылуы жөніндегі қылмыстық жауапкершіліктің қолданылу шегін, айыппұлды өсіре отырып, 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейін арттыруды тапсырамын.
Сондай-ақ, негізгі міндеті көлеңкелі экономикамен күрес болуға тиіс Қаржы мониторингі комитетіне функцияларын бере отырып, Экономикалық тергеу қызметін қайта құру қажет».
Елбасы Жолдауы Жолдарынан.
Қазақстанның салық жүйесі бүгінде дамудың тұрақты арнасына түсті. Ендігі жерде оны жетілдіре түсу жұмыстары ғана жүргізіледі. Елбасы Н.Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында экономиканың, қоғам мен мемлекеттің тұрақтылығы үшін басқа салалармен қоса салық жүйесіне қатысты да уақыт талабына сай реформаларды жария етіп келеді. Мәселен, 2015 жылғы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында жаһандық дағдарыс жағдайында бюджетке түсетін түсімдердің 20 пайызға дерлік төмендеп кеткенін алға тарта отырып, мемлекеттік кірістер мен шығыстардың бүкіл жүйесін қайта қарауды тапсырған болатын. Бұл бағытта Президент Үкіметке салықтық режимдерді оңтайландыра отырып, «көлеңкелі экономиканы» жарыққа шығаруды, салық саласының мөлдірлігін арттыруды, салықтық әкімшілендірудің тиімділігін қамтамасыз етуді тапсырған-ды.
Былтырғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында да салық жүйесіне қатысты нақты тапсырмалар берілді: «Салық саясатын бизнестің «көлеңкеден» шығуына бейімдеп, шикізаттық емес сектордағы салықтық базаны кеңейтуге бағыттау керек. Қазіргі салық жеңілдіктерін оңтайландыру қажет. Жалпыға ортақ декларациялау қарсаңында арнаулы салық режимін жаңаша қарастыру керек. Салықтық әкімшілендіру тетіктері жетілдіруді талап етеді. Ең алдымен, мұның қосымша құн салығын жинауға қатысы бар», — деді Елбасы.
Биылғы Жолдауда бұл тақырып тағы да қозғалды. Салық реформасының басты мақсаты — экономикалық ахуалдың күрделі кезеңінде бизнес саласының аяғынан шалмай, керісінше заң аясында демеу көрсете отырып, ел экономикасының дамуына ықпал ету, жасырын бизнестің «көлеңкеден» жарыққа шығуына, «қолма-қол ақшасыз» жүйені реттеу арқылы сыбайлас жемқорлықтың, жең ұшынан жалғасушылықтың жолын кесіп, таза, мөлдір салық саясатын қалыптастыру.
Биылғы Жолдауда айтылғандай, Үкімет Елбасы тапсырмасына сай үш жыл ішінде экономикадағы көлеңкелі айналымды кем дегенде 40 пайызға қысқарту үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс. Оған қоса алдағы жылдың бірінші күнінен бастап белгілі бір себептерге байланысты салық төлей алмай қалған шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясы» жүргізіле бастайды.
Еліміздің негізгі стратегиялық құжатында айтылған салық реформаларына қатысты Ақтөбе облыстық кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Гүлмира Арысбаевамен сөйлескен едік.
— 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бизнес өз жұмысын жаңадан бастау үшін салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясы» жүргізіле бастайды. Осы мақсатта Президент алдағы жылдан бастап салық заңнамасының бұзылуы жөніндегі қылмыстық жауапкершіліктің қолданылу шегін, айыппұлды өсіре отырып, 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейін арттыруды тапсырды. Елбасы тапсырмасына орай Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізіледі. Аталған кодекс талабы бойынша, егер бұрын кәсіпкерлер бюджетке салық немесе басқа да төлемдерді төлемеген жағдайда, қарызы 20 000 айлық есептік көрсеткішке жеткенде, яғни 48 миллион теңге болған кезде, оның үстінен қылмыстық іс қозғалатын еді. Ендігі жерде бұл сома 50 айлық есептік көрсеткішке дейін, 120 миллион теңгеге дейін арттырылды. Яғни, үш есе көбейіп отыр. Кәсіпкерлер кей жағдайда білместікпен төлем төлемей қалуы мүмкін, басқалай да себептер болуы мүмкін, жаңа талаптар оған жеңілдіктер береді. Облыста қазір қарызы бар кәсіпкерлердің әрқайсысымен жеке-жеке жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олар негізгі қарыздарын өтесе, «салық амнистиясына» сәйкес, айыппұлдар мен өсімпұлдар алынып тасталады. Ақтөбе облысында бүгінге дейін 628 салық төлеушінің 1 миллирд теңгеге жуық өсімпұлы алынып тасталды. Бұл бизнес үшін үлкен көмек.
Бизнес өкілдеріне алдағы жылы басқа да көптеген жеңілдіктер берілмек. Біріншіден, бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қаупінен қорғауды арттыру қажеттігі айтылды. Елбасының айтуынша, қазір кейбір басшылар құжаттарға қол қоюдан қорқады. «Ертең келеді де алқымынан алады. «Мен саған көрсетемін!» деп қорқытып, қоқан-лоққы көрсетеді. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне осындай шенеуніктерді ұстап, қылмыстық іске тартуды тапсырамын. Мұндайды жасауды оларға кім рұқсат берді?» — деді Елбасы.
Мемлекеттік кірістер органдарында көрсетілетін қызметтердің 98 пайызы электронды форматта жүргізіледі. Яғни, біздің қызметкерлер салық төлеушілермен бетпе-бет кездесусіз, электронды түрде жұмыс істейді. Мұны айтып отырған себебім — біздің жүйе бойынша жоғарыда айтылғандай жағдайлар жоқтың қасы. Сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында тұрақты түрде техникалық оқу, аудит, камералық бақылау, басқа да жұмыстар жүйелі жүргізіледі. Мұның барлығы еліміздегі салық реформасының нәтижесі, «көлеңкелі экономиканы» азайтудың алғышарттары.
— Елбасы Жолдауда «қолма-қол ақшасыз экономикаға» бет бұруымыз қажеттігін айтты. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
— «Қолма-қол ақшасыз» экономика дегеніміз «көлеңкелі экономиканы» болдырмаудың бір жолы. Жолдауда Үкіметке үш жыл ішінде экономикадағы көлеңкелі айналымды кем дегенде 40 пайызға қысқарту үшін нақты шаралар қабылдауға тапсырма берілді. Біз өзімізге жүктелген жауапкершілік аясында салық төлеушілер арасында посттерминалдар орнату қажеттігін айтып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Яғни, төлемдерді қолма-қол ақшамен емес, терминалдар бойынша төлем карталарын қолдану арқылы төлеу қажет. Осы мақсатта «Салық төлеушілер Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асырғанда ақшалай есеп айырысулар кезінде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолданатын қызмет түрлерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің бұйрығына өзгеріс енгізілді. Өзгеріске сәйкес, бұл тізімге тағы да 17 қызмет түрі қосылды. Олардың қатарында автомобильдерді және жеңіл автокөлік құралдарын сату, автокөлік құралдарына техникалық қызметтер көрсету және жөндеу, автомобильдерге арналған қосалқы бөлшектер мен құрал-саймандарды көтерме саудада сату, сусындарды көтерме саудада сату, фармацевтикалық тауарларды бөлшек және көтерме саудада сату, тоқыма бұйымдарын, киімдер, сағат және зергерлік әшекейлерді сату, ломбард қызметі, жарнама агенттіктері қызметі секілді бірнеше қызметтер бар. Бұл құжат биыл қазан айының 4-інен бастап күшіне енді. Кәсіпкерлер бақылау-касса машиналарын қолданатын болса, аппарат арқылы төленетін төлемдер туралы ақпараттың барлығы біздің серверге бірден түседі, яғни, оның табысына қатысты бізде толық ақпарат болады. Қазіргі талап бойынша сауда орындарында, базарларда — барлығында касса аппараты болуы шарт. Оған қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жақында ғана облыстағы сауда орындары мен базарлардың басшыларының басын қосып, жиын өткіздік. Елбасы тапсырмасынан туындайтын мақсат-міндеттерге қатысты меморандумдарға қол қойдық. Елбасы Жолдауында «қолма-қол ақшасыз экономикаға» бет бұру барысында бизнестің қолма-қол ақшасыз есеп айырысуын қолдау сияқты ынталандырушы құралдарға да сүйенген жөн» дегенді айтқан-ды. Осы мақсатта егер кәсіпкерлер есеп айырысу кезінде «қолма-қолсыз» жүйені таңдайтын болса, оған салық бойынша жеңілдіктер қарастырылады. Қазір заңға осындай өзгерістер енгізіліп жатыр.
Кәсіпкерлерді қашықтықтан тексеру үшін басқа да түрлі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Былтыр қазан айында кедендік транзит шеңберінде кедендік және салықтық әкімшілендірудің автоматтандырылған «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі іске қосылған болатын. Бұл жүйе алдын ала ақпаратты берген сәттен бастап тауарларды шығарғаннан кейінгі бақылауға дейін барлық кедендік процестерге автоматтандырылған бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қазір түгел дерлік декларация осы жүйе арқылы тапсырылады.
— Жолдауда айтылғандай, алдағы жылдан бастап ең төменгі жалақы 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өседі. Бұл салық жүйесіне қалай әсер етеді?
— Ең төменгі жалақы көлемінің артуы нәтижесінде жұмысшылардың салық жүктемесі азаяды. Бұл жалпы алғанда экономиканың ең төменгі жалақы төлейтін салаларындағы 1,3 миллион жұмысшының жалақысының артуына себеп болады.
Биылғы Жолдауда Елбасы бұған қоса «Экономикалық тергеу қызметін қайта құру қажеттігін» айтты. Бұл міндет, яғни көлеңкелі экономикамен күрестің негізгі жауапкершілігі Қаржы мониторингі комитетіне жүктелетін болды.
Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.